Жетекші: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Қозыбақова Ф.А.
Орындағандар: ҚазҰУ филология факультетінің 1 курс студенттері Нұрдәулет Т., Әділбек А., Иргебай Д., Жексен А.
Маңдай термен жазылған тарих: Тыл ардагері Бейсебаев Елеу
Жеңіс – тек майдандағы батырлардың ғана емес, тылда тынымсыз еңбек еткен жандардың да маңдай терімен келген ұлы жеңіс. Сол бір қиын-қыстау заманда елдің еңсесін түсірмей, бар күш-жігерін Отан игілігіне арнаған жандардың бірі – Бейсебаев Елеу. Ол 1932 жылдың 1 шілдесінде Жамбыл облысы, Жақсылық (бұрынғы Тельман) ауылында дүниеге келген. Оның өмірге келуі де оңай болмаған. Әкесінің бұған дейінгі бес баласы шетінеп кеткендіктен, көз тимесін деген ырыммен оның құлағына сырға таққан. Осылайша, ол әулеттің жалғыз үміті, жалғыз тұяғы болып аман қалған. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген Елеу небәрі 9 жасынан бастап тылдағы еңбекке араласады. Бала жүрекке ауыр жүк артылса да, ол ешқашан мойымаған. Қырман басында, егістік алқаптарында, тау мен тастың арасында жүріп, күн-түн демей еңбек етті. Оның алақанындағы қажырлы еңбек, маңдайындағы тер – Жеңіске қосылған үнсіз үлес болатын. 1950 жылы Ленин атындағы колхозда механизатор болып еңбек жолын бастаған ол уақыт өте келе өз ісінің нағыз шеберіне айналды. 1965 жылдан бастап комбайн тізгіндеп, ауыл шаруашылығының өркендеуіне зор үлес қосты. 1969 жылы облыс бойынша үздік комбайншы атанып, бас бәйгені жеңіп алды. Осы жетістігі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына арналған орден мен алтын медальға ие болды. Елеу ата тек еңбекқорлығымен ғана емес, сырт келбетімен де ерекшеленген. Қыр мұрынды, бойшаң, келбетті, кесек тұлғалы азамат болғандықтан, ел арасында айрықша көзге түскен. Сол бір жылдары оның жетістіктері туралы көптеген газеттерде мақалалар жарияланған, бірақ өкінішке орай, сол басылымдар уақыт өте сақталмай, бүгінгі күнге жетпей қалған. Алайда қағаз жоғалғанымен, халық жадындағы бейне ешқашан өшпейді. Өмір жолы тек жетістіктерден тұрмаған. 1957 жылы шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Алайда алғашқы сәбилерінен айырылу – оның жүрегіне ауыр жара салды. Бірақ ол бұл қайғыға мойымай, өмірге деген сенімін жоғалтпады. Кейін 10 баланы тәрбиелеп өсіріп, олардың ешқайсысына жоқшылық көрсетпей, адал еңбекпен асырады. Бүгінде оның артында қалған 25 немере мен 40 шөбере – сол қажырлы еңбектің, төзімділіктің жемісі. Елеу ата тек еңбек адамы ғана емес, ел басқарған азамат та болды. Ұзақ жылдар бойы бригадир қызметін атқарып, кейін колхоз басқарушысы дәрежесіне дейін көтерілді. 1978 жылы басқарушы болып тағайындалып, осы қызметтен абыроймен зейнетке шықты. Қай қызметте жүрсе де, адалдықты ту етіп, ел сенімін ақтай білді. Оның еңбекқорлығы соншалық – жыл бойы дамыл көрмей, демалыссыз еңбек еткен кездері аз болмаған. Еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Жеңіс күні қарсаңында арнайы шақырылып, құрметке бөленді. 1975 жылы «Еңбек ардагері» ретінде алғашқылардың бірі болып ВАЗ-2101 «Жигули» автокөлігін иеленуі – сол кезеңдегі үлкен жетістіктің бірі еді. Оның бойындағы қарапайымдылық ерекше болатын. «Әкем көп сөйлемейтін, бірақ ісімен үлгі болатын адам еді», – дейді ол әкесі жайлы естелігінде. Сондай-ақ, Елеуқызы Райса әкесінің өмірінде бір ғана өкініші болғанын да еске алады: «оқымадым… Егер білім алсам, бәлкім, жоғары қызметте болар ма едім», – деп айтушы еді», – дейді қызы. Бұл сөз оның өмірге деген терең көзқарасын, білімге деген құрметін айқын көрсетеді. Өмірінің соңғы кезеңі де жеңіл болмады. 1999 жылы өмірлік серігінен айырылып, жалғыздықты сабырмен қарсы алды. 2009 жылы инсульт алып, бес жыл бойы төсек тартып жатты. Соған қарамастан, оның рухы сынбады. 2014 жылдың 24 наурызында дүниеден өтті. Бүгінде оның есімі Қызылпан Сұлтанбеков атындағы мектептің «Ер есімі – ел есінде» тақтасында жазулы тұр. Бұл – оның ғұмырының ел жүрегінде сақталғанының белгісі. Бейсебаев Елеудің өмір жолы – адал еңбектің, төзімділіктің, адамдықтың жарқын үлгісі. Уақыт өткен сайын қағаз сарғайып, жазулар өшуі мүмкін. Бірақ елге сіңген еңбек ешқашан ұмытылмайды. Оның есімі – ұрпақ жадында, еңбегі – тарих төрінде мәңгі сақталады.
